АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы балаларға арналған шұғыл медициналық жәрдем орталығының жаңа корпусымен танысты, деп хабарлады Ақорда.
Президент Балаларға арналған шұғыл медициналық жәрдем орталығына барды
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Жаңа ғимарат Emergency халықаралық стандартына сай салынған және тәулігіне 500-ден аса науқасты қабылдай алады. Орталықта 26 төсек орынға есептелген реанимация және қарқынды терапия бөлімі, диагностика бөлімі және 4 операция блогы бар.
"Президентке орталықтың заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған диагностика кабинеттері, нәрестелерге арналған қарқынды терапия бөлімшесі және операция бөлмелері таныстырылды", - деп жазылған хабарламада.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, 1965 жылы негізі қаланған қалалық балалар ауруханасы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті педиатрия кафедрасының клиникалық базасы саналады.
Президент Балаларға арналған шұғыл медициналық жәрдем орталығына барды
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Ауруханада Алматы қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның балалары ем-дом алады", - деді әкім орынбасары.
Республика бойынша тек осы клиникада жаңа туған нәрестелерде кездесетін асқазан артрезиясы, көкет жарығы, рахишизис, гастрошизис секілді туа біткен дерттерді хирургиялық жолмен емдеу тәсілдері қарастырылған.
"Соңғы үш жылда бұл ауруханада емделушілер саны 30%-ға артқан. Сол себепті қазір балаларға арналған шұғыл медициналық жәрдем орталығының негізгі ғимаратын жаңарту және реконструкциялау жоспары әзірленіп жатыр", - деп хабарлады ведомство.
Соған сәйкес ескі корпустардың бәрі күрделі жөндеуден өтіп, қосымша оңалту, отоларингология, аймақтық офтольмология орталықтары және жақ-бас сүйек хирургиясы бөлімшелері ашылады.
Президент Балаларға арналған шұғыл медициналық жәрдем орталығына барды
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Тоқаев медициналық мекеменің қызметіне табыс тілеп, 2 реанимобиль мен интерактивті тақтаны сыйға тартты.