АЛМАТЫ, 31 мамыр – Sputnik. Қазақстанда қандас және азаматтық мәртебесін алғысы келетін шетелдіктер молекулалық генетикаға тест тапсырады. Қағиданың жобасын мемлекеттік органдар қарап жатыр. Жаңа жобаның мақсатын Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
Биыл 16 мамырда президент ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон және қылмыстық атқару жүйесі салаларындағы заңнамаларды жетілдіру үшін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатқа қол қойды. Бұл заң бойынша көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізілді.
"Еңбек министрлігіне тапсырма берілді. Бұл тапсырмада жеке басты куәландыратын құжаттарда және үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда қандас мәртебесін және жеңілдетілген тәртіппен ҚР азаматтығын алғысы келетін үміткерлердің ұлты қазақ екенін айқындау айтылған. Яғни, қандастардың куәліктерінде немесе басқа құжаттарда ұлты жазылмаған шетелдіктердің ұлтын анықтайтын қағиданың жобасын дайындап жатырмыз. Бұл жоба мемлекеттік органдарға келісуге жіберілді", - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің басқарма басшысы Нұрлан Байсынов.
Ұлтын жасыратындар көп
Басқарма басшысының айтуынша, қандас мәртебесін немесе Қазақстан азаматтығын алу үшін ұлтын жасыратындар көп.
"Құжатында өзінің ұлты нақты жазылмағандар қандас мәртебесін алу үшін бізге өте көп өтініш жазады. Екінші мәселе, алдайтын азаматтар саны да артқан. Құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік комитетінен бізге көптеген тапсырма мен хат келіп түседі. "Мына азаматқа қандас мәртебесін беріпсіздер, бұл азаматтығы қазақ емес, түпкілікті азаматтығы басқа жақ" деп жазып жатады. Яғни, шетелден келіп қандас атағын алғысы келетіндердің алдау фактісі жиілеген", - дейді Нұрлан Байсынов.
Сол себепті көші-қон комитеті жаңа қағида жобасына молекулалық генетикалық сараптамадан өту талабын қосқан.
"Қазақ тілін білесің бе, руың кім?"
Молекулалық генетикалық сараптамадан өтуді тек комиссия шешеді.
"Комиссия қандас немесе Қазақстан азаматтығын алғысы келетін үміткердің қазақ тілін, аты-жөні мен руын білетін-білмейтінін анықтайды, сондай-ақ басқа да құжаттарын қарайды. Содан кейін ғана комиссия генетикалық сараптамадан өту туралы шешім шығарады. Бұл рәсім ұлтын анықтау қиындық тудырғанда ғана жасалады. Молекулалық генетикалық тексерістің қорытындысын ішкі істер органдары талқылайды. Өйткені, ішкі істер органдарының айтуынша, бұл тексеріс қай ұлттың адамы екенін 100% көрсетпейді", - дейді көші-қон комитетінің басқарма басшысы Нұрлан Байсынов.
Генетикалық сараптаманы өз қаражатына тапсырады
Шетелден келген азамат молекулалық генетикалық тексеруден өтуі үшін өз қалтасынан қаражат шығарады, мемлекет оған ақша бөлмейді.
"Біздің қандастарымыз өз Отанына шынайы оралып жатқанына көз жеткізгіміз келеді. Саяси жағдайларға байланысты да өз елінен қашып, біздің мемлекетке жалған құжаттармен келетіндер бар", - дейді Байсынов.
Қазақ тілі: шетелдіктер емтихан тапсырмайды
Ал шетелден келген азаматтар қазақ тілінен емтихан тапсырмайды. Жоғары балл жинау талап етілмейді. Шетелден келіп жатқаннан кейін әрбір азамат мемлекеттік тілді білген жөн деген мақсат қана. Ол жерде руы кім, туысы кім, не үшін Қазақстанға келе жатсың деген сұрақтар қойылады, дейді көші-қон комитетінің өкілі.
Нұрлан Байсыновтың айтуынша, бұл әзірше қағиданың жобасы ғана, әлі де пысықталатын тұстары көп.