Қазақстандық порттарда ірі теңіз көлік-логистикалық кластері құрылады

Sputnik
АСТАНА, 31 мамыр – Sputnik. Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады.
Кешенді жоспардың аясында Маңғыстаудағы Ақтау мен Құрық порттарының базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құру көзделген. Бұл контейнерлерді өткізу қабілетін арттырып, жүктерді ауыстырып тиеу терминалдарын дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әкімшілік кедергілер азаяды.
Құрық порты – Қазақстан мен Баку порттарын байланыстырып тұрған теңіз айлағы. Терминал арқылы мұнай өнімдері, метал, дәнді дақылдар, халық тұтынатын тауарлар мен көліктер тасымалданып жатыр. Биыл жыл басынан бері 700 мың тоннаға жуық жүк өткізілді. Қазір портта транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша бірқатар жоба іске асып жатыр. Сондай-ақ теңіз акваториясын тереңдету жұмыстары жүргізіледі.
"Қазіргі уақытта теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізетін компания анықталды. Бұл осы саладағы көшбасшы – Ян де Нул компаниясы. Аталған жұмыстар маусым айында басталып, жұмыстар порттың барлық акваториясында жүргізілетін болады. Бұл порт акваториясында қосымша 5 айлақ құруға мүмкіндік береді", - дейді Құрық портының сектор басшысы Айтқали Нұрмағанбетов.
Ал Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб салынады. Жобаны 2025 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Жоба құны – 43 млрд 462 млн теңге.
"Контейнерлік хаб – бірлескен жоба. Қазіргі уақытта корпоративтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр Оны Ақтау теңіз сауда порты, қазақстандық мультимодальдық логистика компаниясы мен қытайлық "Ляньюньган" порты жүзеге асырады. Хаб Ақтау су айлағы арқылы 2025 жылы 92 мың, ал 2034 жылы 200-300 контейнер қабылдап, жөнелтуге мүмкіндік береді деп жоспарланған", - дейді Ақтау теңіз сауда портының жетекші маманы Талғат Нагуманов.
Теңіздің деңгейінің түсуі Ақтау портының да жұмысына кедергі келтірмек. Сондықтан бұл айлақта да теңіз түбін тереңдету жұмысары жүргізіледі. Ол үшін геологиялық барлау жасалып, жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.
Порттардағы жобалардың негізгі үлесі жеке инвестициялар есебінен салынады. Болжам бойынша 2028 жылға дейін порттардың өткізу қабілеті 50 пайызға артады. Ал контейнерлерді өткізу қабілеті 3 есе жоғарылайды.