АСТАНА, 30 мамыр – Sputnik. Былтыр елде 379 мың сәби дүниеге келді, бұл бесжылдықтағы ең төменгі көрсеткіш, деп хабарлады 24KZ.
Статистикаға сүйенсек, 2018 жылдан 2021 жылға дейін туу көрсеткіші едәуір өскен. Алайда пандемиядағы бэйби-бумнан кейін біраз тоқырау бар. Оған себеп – жастардың өзгерген құндылығы мен бала туу жасындағы әйел санының аз болуы. Ал халық санының артуына тек туу емес, көші-қон сальдосы да әсер етеді.
"Қазіргі таңда активті репродуктивті жаста болатын мына 1999, 1998, 2000 жылдары дүниеге келген балалардың саны аз. Оған қоса, бізде некеге тұру, алғашқы баланы дүниеге әкелу жасы да ұлғайып келе жатыр. Сәйкесінше, репродуктивті көңіл күйде өзгеріп келеді. Соңғы санақ қорытындыларын алып қарайтын болсақ, 2021 жылы жас репродуктивті жастағы әйелдер 1 баламен, орта репродуктивті жастағы әйелдер 2 баламен шектелуді жөн көріп жүр", - дейді ұлттық эксперт – демограф Аяулым Сағынбаева.
Жалпы көрсеткіштердің бұлай өзгеруіне бірнеше себеп бар. Әйелдерің еңбекке жиі араласуы, әр адамның жеке тұлғалық көзқарасы, урбанизация деңгейі де әсер етеді. "Өйткені қалалық аймақта баланың туу деңгейі төменірек болады", - дейді мамандар.
"Сонымен қатар бұғанға дейінгі қалалық жерде туу деңгейінің жоғары болуының бірден-бір себебі ондағы қалалық халық көбінде ауылдан көшіп келгендер болды. Ал қазіргі таңда мына 1999-2000 жылдары дүниеге келген қыздарымыз нағыз қалалық халық болады. Яғни, олар қалада туған бірінші ұрпақ. Сәйкесінше, олар барлық қалалық өмір сүру салты, қалалық мінез-құлықты өз бойына сіңіріп, репродуктивті көзқарасына да өзгеріс енген", - деп түсіндірді Аяулым Сағынбаева.
Елде туу көрсеткішінің өсуі 2017 жылы және 2021 жылы байқалды. 2021 жылы шарықтау шегіне жетті, туу коэффиценті 100 мың тұрғынға шаққанда 23,4-ке жетіп, 440 мыңнан астам бала дүниеге келді. Ал 2023 жылды 2022 жылмен салыстырсақ, босану саны 26 871-ге төмендеген. Өткен 4 айдағы есеп бойынша туу көрсеткіші бойынша бірінші орында Маңғыстау, одан кейін Түркістан, Шымкент қалалары тұр.
"Статистика бойынша елдегі отбасылардың 15%-і бедеулікке тап болады. Бұрын әйелдер арасында белең алса, қазір ер адамдар арасында да тең дәрежеге жетті. Одан кейін 35-40 жастан асқан жағдайда отбасылы жұптың балалы болуы қиындай бастайды. Жас ұлғайған сайын қауіпте арта бастайды", - дейді репродуктолог-гинеколог Қаныш Болат.
Ал репродуктолог Салтанат Байқошқарова жастар арасында әлеуметтік бедеулік белең алып барады дейді. "Бала туу мүмкіндігін уақытында пайдаланбай, кейінге шегеріп, салдарынан дүниеге сәби әкеле алмайтын жағдайға жетеді", - дейді маман.
"Бала туу мәселесі тек бедеулікке байланысты емес қой. Бүгін балалы бола алатындай мүмкіндігі болып тұрып, соны жасамайтыны әртүрлі себептер болады. Жастардың арасында балалы болғысы келмейтіндер де бар немесе 1 балалы болып, одан кейін 10 жылға шегеріп қоятын жағдайлар болады", - дейді Байқошқарова.
Сарапшылардың болжауынша, елдегі бала туу көрсеткіші 2027 жылға дейін біртіндеп азаяды. Одан кейін 2000 жылдардағы ұрпақ репродуктивті жасқа келіп, елдегі туу көрсеткіші қайтадан көтерілуге тиіс.
Қазір елдегі халық саны – 20 095 963. Оның ішінде 10 28 498 әйел болса, 9 815 465 ер адам бар.
Қазір елдегі халық саны – 20 095 963. Оның ішінде 10 28 498 әйел болса, 9 815 465 ер адам бар.