Достық-Мойынты теліміндегі екінші жолдың құрылысы қашан аяқталады

Sputnik
АСТАНА, 30 мамыр – Sputnik. 2025 жылы Достық-Мойынты теліміндегі екінші жолдың құрылысы аяқталады, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Достық-Мойынты теміржол телімінің жалпы ұзындығы - 836 км. Бүгінгі таңда екінші жол телімнің жартысынан көбі, яғни 421 км-і салынып бітті.
Достық-Мойынты теліміндегі екінші жолдың құрылысы
Дайын болған темір жолмен тағы да жаңа жолдарды одан әрі салу үшін топыраққа рельс шпал торшасын салатын жол төсеуші техникалар жүріп тұр.
Екінші жолдың астына 6,6 млн текше метрге жуық жер төсемі төгілді. Жасанды имараттар да салынуда.
Достық-Мойынты теліміндегі екінші жолдың құрылысы
Қазіргі таңда 67 көпір мен 225 су өткізгіш құбырлар салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жоба шеңберінде барлығы 92 көпір тұрғызылып, 263 құбыр орнатылады. Автоматика және байланыс құралдарын қайта орнату жұмыстары да атқарылуда. Жоғары вольтты желілер үшін тірек бағаналар орнатылуда.
"Бұл ірі жобаны жүзеге асыру қомақты қаражатты қажет етеді. Барлық құрылыс материалы отандық өндірістен алынып жатқанын атап өту керек", - дейді "ҚТЖ" АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директор Марат Искалиев.
Оның айтуынша, құрылыс процесіне қажет қиыршық тастармен қамтамасыз етіп отырған карьерлер қарқынды жұмыс істеуде.
"Карьерлерден жолға балласт ретінде төсеу үшін тәулігіне 4-4,5 мың текше метр қиыршық тас тиеліп, әкеліп жатыр", - деп түйіндеді ол.
Достық-Мойынты теліміндегі екінші жолдың құрылысы
Нысан басында механизаторлар, көпір салушылар, байланысшылар, жолшыларды қосқанда барлығы 1 мыңнан астам жұмыс істеуде. Құрылысқа 450-ден аса түрлі арнайы техника тартылған.
Телімдегі жұмыстарды 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Жоба еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру және үздіксіз экспортты қамтамасыз етуде зор мәнге ие. Екінші жолдар құрылысы іске қосылғаннан кейін Достық-Мойынты телімінің өткізгіштік қабілеті 5 есе өседі.