АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында Қазақстан корейлеріне арналған көрме ашылды, деп хабарлады 24.kz.
Онда өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан сыр шертетін мұрағаттық фотолар мен бейнематериалдар ұсынылған. Келушілер негізінен Алматы және Қызылорда облыстарында өмір сүрген корей диаспорасы туралы біле алады.
Қазір Алматыда жұмыс істейтін әлемдегі жалғыз корей театры, бұрын "Ленин кичи" аталып келген республикалық "Коре ильбо" газеті туралы материалдар да бар.
Фотосуреттерді 30 жыл бойы белгілі корей ғалымы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Герман Ким жинаған. Көрмені Қазақстан корейлері қауымдастығы ұйымдастырды.
"Біздің еңбек мигранттарының көп бөлігі қазір Кванджуда тұрады. Олардың әке-шешелері немесе ата-әжелері бұрын колхозда істеген. Бұл көрмеге шетелдегі кәрістердің өміріне қызығушылық танытатын оңтүстіккореялықтар да, осында ақша табу үшін келгендер де бас сұғады деп ойлаймыз", - дейді Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры Герман Ким.
"Қазақстан достық пен ынтымағы жарасқан ел. Ал бұл көрмеден ең қиын кезеңде кәрістерге қол ұшын созған қазақтардың жақсы қасиеттерін көреміз. Қазақстандағы кәрістер осындай қамқорлықтың арқасында аман қалды", - деп атап өтті ҚХА төрағасының орынбасары Юрий Шин.