ЕАЭО күні: ұйымның тарихы, мақсаты мен жетістіктері

ЕАЭО-ның құрылу тарихы және еуразиялық интеграцияның жетістігі туралы негізгі цифрлар
Sputnik
АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Бүгін, 29 мамырда Еуразиялық экономикалық одақ күні аталып өтіп жатыр. Экономикалық интеграция үшін құрылған ұйым оған қатысушы елдердің ынтымақтастығын күшейтуді көздейді. Sputnik Қазақстан ЕАЭО-ның негізгі мақсат-міндеттерін, ал ең бастысы, осы ұйымның экономикалық өсім мен оған кіретін елдердің әл-ауқатына қалай әсер етіп жатқанын зерделеп шықты.

ЕАЭО тарихы

Еуразиялық экономикалық одақ – аймақтағы халықаралық құқықтық субъектілігі бар экономикалық интеграция ұйымы. Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшарттың негізінде құрылды.
ЕАЭО тарихы 1994 жылдан бастау алады. Сол кезде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге жасаған сапары барысында Еуразиялық мемлекеттер одағын құруды ұсынған. Ал үш айдан кейін жаңа интеграциялық ұйым жобаға Еуразиялық одақ деп енгізілді.
1995 жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусь Кедендік одақ туралы келісімді рәсімдеді. 1999 жылы Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісімшартқа қол қойылды. Оған Қырғызстан мен Тәжікстан да қосылды.
2000 жылы 10 қазан күні Астана қаласында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құруға уағдаласты. Осы ұйым 2001 жылдан бастап 2014 жылға дейін қызмет етті. Артынан соның негізінде Еуразиялық экономикалық одақ құрылды, ал Еуразиялық экономикалық қауымдастық таратылды.
2010 жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусьтың арасындағы Кедендік одақ іске қосылды. Бір жылдан кейін оған Қырғызстан қосылуға ниет білдірді. Одақ аясында бірыңғай кедендік тариф енгізіліп, ішкі шекараларда кедендік рәсімдеу мен бақылау шараларын алып тастады. Осылайша, елдер арасындағы тауарлардың еркін айналымына жол ашылды.
2012 жылы қаңтар айынан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік іске қосылды. Ал 2014 жылы интеграциялық үдерістің шарықтау шегі болды. 29 мамырда Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа қол қойды. Осы құжатпен жаңа әрі терең интеграция басталды.
2014 жылы қазан айында ЕАЭО-ға Арменияға, ал желтоқсанда Қырғызстан қосылды. Қазіргі кезде одақ құрамына бес мемлекет кіреді. Олар: Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь пен Қырғызстан.
ЕАЭО-да тұратын халықтың жалпы саны 185 млн адамнан асады. Соның ішінде 93,4 млн адам – экономикалық белсенді азаматтар. ЕАЭО дамудың даңғыл жолына түсіп, терең интеграцияға бет алды. Негізгі мақсат - барлық қатысушы елдің экономикалық өсуі.

ЕАЭО күнін қашан бекітті

Еуразиялық экономикалық одақ күні жыл сайын 29 мамырда аталып өтеді. Себебі дәл сол күні ЕАЭО құру туралы келісімшартқа қол қойылды. Ал мерекелік дата 2022 жылы шілде айында бекітілді.
ЕАЭО күнін бекітудің маңызы зор. Осының өзі одаққа қатысушы елдердің экономикалық интеграция мен ынтымақтастыққа деген құлшынысын көрсетіп отыр. Барлығы экономикалық байланыстарды нығайтуды, ал ең бастысы аймақты дамытуды қалайды.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына кепілдік береді. Бұдан бөлек, осы құжат экономиканың сан алуан салаларында қажетті шараларды үйлестіріп, өзара келісіп отыруға мүмкіндік береді.

ЕАЭО-ның артықшылығы неде

Еуразиялық экономикалық одақтың мақсаты – ішкі шекаралардың ішінде ортақ нарық құру, тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы үшін кедергілерді жою.
ЕАЭО-ның артықшылығы:
ортақ нарық: тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы;
экономикалық қолдау: экономика, қаржы, технологиялар мен инновациялар салаларында өзара ынтымақтастық;
әлеуметтік бастамалар: халықты әлеуметтік қорғау және өмір сүру деңгейін жақсартуға арналған бағдарламалар.

ЕАЭО-ның басқарушы органдары

Еуразиялық экономикалық одақтың басқарушы органдары ұйымның тиімді жұмысын қамтамасыз ету және оны дамыту бойынша негізгі рөл атқарады.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес – Одақтың жоғары органы, оған ЕАЭО-ға мүше елдердің басшылары кіреді;
Еуразиялық экономикалық комиссия – ұлттық органдардан жоғары тұратын одақтың реттеуші органы. Оны комиссия кеңесі мен алқасы жасақтайды. Комиссияның негізгі мақсаты – одақтың дамуына және тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау, одақ аясында экономикалық интеграцияға қатысты ұсыныстар әзірлеу.
Еуразиялық үкіметаралық экономикалық кеңес – одаққа мүше елдердің үкімет басшылары кіретін орган.
ЕАЭО соты – одаққа мүше елдер мен органдар тарапынан Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімді және одақ аясында басқа халықаралық келісімшарттарды қолдануды қамтамасыз ететін Одақтың сот органы.

ЕАЭО: негізгі көрсеткіштер

2023 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның ішкі жалпы өнімі 2022 жылмен салыстырғанда 3,8 процентке өсіп, 2,39 трлн долларға жетті.
Одаққа мүше елдердің экономикасы дамып келеді. Тауар өндірісі 3,1 процентке өссе, қызмет көрсету көлемі 4,4 процентке артты.
Былтыр одақта өнеркәсіптік өндіріс - 3,7 процентке, атқарылған құрылыс жұмыстары – 8,6 процентке, ал бөлшек сауда 6,6 процентке ұлғайды. Жалпы, 2022 жылмен салыстырғанда Еуразиялық экономикалық одақта өнеркәсіптік өндірістің көлемі 103,7 процентті құрады.
Нақты көрсеткіштер: Беларусь (7,7%), Қазақстан (4,3%), Армения (4,1%), Ресей (3,5%) мен Қырғыстан (2,7%). Ал өңдеу өнеркәсібі саласында тауар өндірісі 7,4 процентке артты.