АЛМАТЫ, 29 мамыр – Sputnik. Ақмола облысында подполковник есіртік сатумен айналысқан, деп хабарлады Қазақстан әскери соты.
Подполковниктің мәселесі Ақмола гарнизонының әскери сотында қаралды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің ҚК 297-бабы 2-бөлігі “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу” бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Сотталушы подполковник М-ны полиция қызметкерлері ұстады. Ол тұрғын үйлердің терезелеріндегі металл торларға "хэш майы" есірткі заты бар пластикалық колбаларды магниттермен бекітіп жатқанда ұсталды", - дейді ведомство.
Жеке тінту кезінде салмағы 23,62 грамм "хэш майы" есірткі заты бар 34 колба мен 7 шприц тәркіленген.
“Сот үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-бөлігі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол әскери атағынан айырылды”,- дейді әскери сот.
Жәбірленушілердің өтемақы қорына 69 000 теңге мөлшерінде мәжбүрлеп төлем өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.