АСТАНА, 29 мамыр - Sputnik. Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйел және оның екі баласын өлтіріп, қылмысты жасыру үшін үйді өртеп жіберген қылмыстық іске байланысты ұсталған күдіктіге сот шешімі шықты.
"Сотталушы мас күйінде пышақ қолданып, бірге тұратын серіктесі мен оның кәмелетке толмаған екі баласын өлтірген. Содан кейін үйдің есігін сыртынан құлыптап, қашып кеткен. Бір күннен кейін ол қылмыс орнына қайта келіп, жәбірленушінің 40 мың теңгесін ұрлап, кісі өлтіру ізін жасыру үшін олардың үйін өртеп жіберген. Сотталушының кінәсі іс материалдарымен: куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және сотта расталған және зерттелген басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген", - делінген хабарламада.
Сот шешімі бойынша қанды қылмыскер өзіне тағылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.