АСТАНА, 28 мамыр – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өртке қарсы қызмет төрағасы мен екі облыстық департамент басшыларына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Лауазымды тұлғалар бизнес өкілінен жүйелі негізде пара алғаны үшін айыпталып отыр.
Тергеу материалына сәйкес, олар кәсіпкерден жалпы сомасы 40 миллион теңгеден астам ақша алған.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызметінің төрағасына, Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу соты күдікті адамдарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді", - делінген ресми хабарламада.
Қылмыстық іс Ақмола гарнизонының әскери сотында қаралады.