Өңдеу өнеркәсібі 105,2%-ға өсті

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 19,9% ұлғайды
Sputnik
АСТАНА, 28 мамыр – Sputnik. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев биылғы жылдың 4 айында өндіріс көлемі 7,1 трлн теңгені құрап, $5,6 млрд болатын өңдеу өнеркәсібі тауарлары экспортталғанын мәлімдеді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 19,9% ұлғайып, 403,2 млрд теңгені құрады. Саланың экономикаға қосқан үлесі 4,3 трлн теңге болды. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 105,2% құрады", — деді министр үкімет отырысында.
Оның айтуынша, енді мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындар өндірісті тереңдету және жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға міндетті болады.
"Ірі кәсіпорындардың отандық өнім үлесін дамыту бағдарламаларын қабылдау міндеттемелерін және табиғи монополия субъектілерінің сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуды көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді", – деді министрліктің басшысы.
Бұл бағдарламалар офтейк-келісімшарттар және ұзақ мерзімді шарт жасасу, шағын және орта бизнес белдеуін құру сияқты шараларды қамтиды.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мемлекеттік ынталандыру шараларына қатысушыларға қатысты құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде отандық өнімді қолдану, сондай-ақ өңдеу деңгейін тереңдету бойынша міндеттемелер қойылады.