Биыл елде 160 мың автомобиль шығару жоспарланған

Биыл автомобиль өндірісі 8,6%-ке артып, 46 мыңнан астам бірлік өндірілді
Sputnik
АСТАНА, 28 мамыр – Sputnik. Биыл елде машина жасау саласының өсімі 22%-ті құраған. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев үкімет отырысында айтты.
Атап айтқанда, автомобиль өндірісі 8,6%-ке артып, 46 мыңнан астам бірлік өндірілді. Жалпы алғанда, 2024 жылы 160 мың автомобиль шығару жоспарланып отыр.
"Қостанай және Алматы қалаларындағы шағын өнеркәсіптік аймақтарда автокомпоненттік базаны дамыту аясында көлік құралдарына арналған қуаттылығы 100 мың орындық, 150 мың пластикалық бөлшектер және 100 мың мультимедиялық жүйе өндірісі жобалары пысықталуда. Теміржол машина жасау секторы локомотивтер мен вагондар өндірісінің өсуі есебінен 2,5 есеге артты", — деді ол.
Келтіріліген ақпаратқа сүйенсек, тұрмыстық техника өндірісі 3,8 есеге өскен. Атап айтқанда, Алматы қаласында Xiaomi теледидарларын құрастырып-шығару зауыты іске қосылған. Түркістанда коммерциялық тоңазытқыштар құрастыру жоспарланып, Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics және Қытайдың HKC компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.
Орта мерзімді перспективада машина жасауды дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарының іс-шараларын іске асыру аясында өндіріс көлемін 2 есеге арттыру жоспарланып отыр.