АСТАНА, 28 мамыр - Sputnik. Ақтауда жеткіншек жағалаудағы жардан құлап кетті, деп хабарлайды төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға 25 мамырда болған.
“Ақтау қаласының "А" шағын ауданында биіктігі шамамен 3-4 метрлік теңіз жағалауындағы жартастан бала құлап кетті деген хабарлама келіп түсті”, - дейді ведомство.
Құтқарушылар 12 жастағы баланы зембілмен тасуға мәжбүр болған. Полициямен бірігіп, жедел жәрдем қызметіне тапсырған. Дәрігердердің айтуынша, баланың миы шайқалған.
“Оқиға орнына жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы дер кезінде барып, баланы тексеріп облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Миын компьютерлік томографияға түсірді. Диагнозы - бас миының жабық жарақаты, мидың шайқалуы. Жалпы жағдайы тұрақты”, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер бала есін біледі, қойған сұрақтарға жауап бере алады дейді. Қазір науқас балалар ауруханасының травматология бөлімінде емделіп жатыр.