Төрт айда қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі 517 млрд теңгеден асты

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 10,4 процентке артық
Sputnik
АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. 2024 жылдың 4 айында қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі шамамен 517,6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 48,6 млрд теңгеге немесе 10,4% артық, деп хабарлады "БЖЗҚ" АҚ баспасөз орталығы.
БЖЗҚ-ның міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінен түсіп, салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген кірістілік 2024 жылдың 4 айында 2,87% көрсетті. 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптасқан БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі - 1,76%.
"2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) шоттарына соңғы 12 айда бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 8,70% мөлшерінде болған кезде 9,83% болды", - делінген хабарламада.
Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады.
Ұлттық банк және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін инвестициялық кіріс алу мақсатында экономиканың Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі түрлі секторларының әртүрлі қаржы құралдарына әртүрлі валюталарда орналастырады. Әртараптандыру орнықты инвестициялық кірістілікті қамтамасыз етеді.
Зейнетақы жинақтары - бұл ұзақ мерзімді инвестициялар. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жылда талдаған жөн. Мәселен, жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2024 жылғы 1 мамырға дейінгі инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 842,74% көрсетті. Бұл кезеңдегі инфляция - 780,79%. Осылайша, ұзақ мерзім ішінде жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.