"ҚазМұнайГаз" басшысы Тоқаевқа Каспийдегі кен орындардың игерілуі туралы баяндады

Sputnik
АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асхат Хасеновті қабылдады. Ол компанияның биылғы бірінші тоқсанда атқарған операциялық және қаржылық қызметінің нәтижелері туралы есеп берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
"ҚазМұнайГаздың" көптеген негізгі көрсеткіштер бойынша былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсімге қол жеткізгені жөнінде баяндады:
ірі инвестициялық жобалардың, соның ішінде Жаңаөзенде гибридті электр станциясын және Атырау облысында қуаты 1,25 миллион тонна болатын полиэтилен өндіру зауытын салу, мұнай-химия кластерін дамыту, Каспий теңізіндегі Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орындарын игеру барысы жайында айтты;
компанияның 2023 жылы іске қосылған газ кен орындары, сондай-ақ қорларды толтыру және мұнай өндіру деңгейін сақтау мақсатында жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстары туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз" Қызылорда облысындағы Торғай палеозой учаскесінде тереңдігі 5 500 метр ұңғыма және Каспий теңізіндегі Абай учаскесінде бұрғылау жұмыстарын жүргізуді көздейді;
әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы және компанияның су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты атқарған жұмыстары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау, мұнай-газ химиясы салаларындағы жобаларға ірі инвесторларды тарту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ отандық мұнай өңдеу зауыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет екеніне ерекше назар аударды.