Батыс Қазақстан облысында лудоман бухгалтер сотталды

Ол 7 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырып, басып бөлігін құмар ойындарға салып жіберген
Sputnik
АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында ұрлаған ақшасын ойынға салған бухгалтер сотталды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Қаратөбе ауданындағы мемлекеттік мекемеде істеген есепші басшысының электронды цифрлық қолтаңбасын заңсыз қолданып, 7 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырған. Ал сотта ақшаның басым бөлігін құмар ойындарға салып жібергенін мойындады. Лудоман есепші шығынның 1 млн теңгесін ғана қайтарып берді.
Аудандық соттың үкімімен бюджет қаражатын ұрлаған бухгалтер 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса, тура сол мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Бұл іс Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 3-бөлігінің 1-тармағы (өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ірі мөлшерде жымқыру және талан-таражға салу) бойынша қаралды. Оған сәйкес, екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге айыру жазасы қарастырылған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.