Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы арзандап жатыр

Бір апта ішінде қырыққабат бірден 10,4%-ға арзандады, оған Түркістан облысындағы диқандардың жаңа өнім алуы әсер еткен
Sputnik
АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы төмендеп жатыр, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Жыл басынан 21 мамырға дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуі 0,2%-ға дейін баяулады. Өткен аптада көрсеткіш 0,1% болды.
Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қазіргі бағасына қатысты жағдай сенбі күні үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.
"Бір апта ішінде қырыққабат бірден 10,4%-ға арзандады, оған Түркістан облысындағы диқандардың жаңа өнім алуы әсер еткен. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, қырыққабатты сатып алуға сауда желілері қосылды, ішкі нарық жаппай толығып жатыр", - делінген хабарламада.
Күнбағыс майы (-0,6%), қарақұмық жармасы (-0,4%), С1 санатындағы тауық жұмыртқасы (-1,4%) арзандап жатыр. Сонымен қатар "төмен бағалар" тобында сүзбе (-0,2%), тауық еті (-0,2%), айран майлылығы 2,5% (-0,4%), тұз (-0,1%) және 1 сұрыпты бидай ұны (-0,1%) бар.
Серік Жұманғарин өңірлерге алдағы апта ішінде бағаны тұрақтандыруды қамтамасыз етуді және қажетті көлемде жаңа өнім жеткізуді жеделдетуді тапсырды.