АСТАНА, 25 мамыр - Sputnik. Өзбекстанның белгілі кәсіпкері туа бітті сал ауруына шалдыққан қазақстандық балғындарды өзінің оңалту орталығында тегін емдейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Екі ел арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында Өзбекстанның ірі компаниялар тобының басшысымен церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу туралы меморандумға қол қойылды.
Бастама Қазақстанның Самарқандтағы бас консулдығы арқылы жүзеге асып отыр. Самарқандтағы клиникада ай сайын 12 бала ем алады. Әр 10 күн сайын 180 бала оңалту курсынан өтеді.
Орталықта сырқаттың жеңіл және ауыр сатысындағы өзбекстандық балалар тегін ем қабылдайды.
"Айына тегін 12 бала және олардың жанында жүретін ата-анасы тегін ем алады. Өзбекстан тарапы шекаралас облыстарымызда тұратын біздің азаматтарымызға жататын жерлері, тамақтандыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көмегін де көрсетеді. Өйткені жол-пұлын олар өздері көтереді", - дейді Қазақстанның Самарқандтағы бас консулы Бауыржан Досманбетов.