Президент академик Төрегелді Шармановтың отбасына көңіл айтты

Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов 94 жасына қараған шағында дүниеден өтті
Sputnik
АСТАНА, 25 мамыр – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері, академик Төрегелді Шармановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы аса көрнекті ғалым, Қазақ тағамтану академиясының президенті, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
Президент академик Шармановтың бүкіл саналы ғұмырын ұлт денсаулығына арнаған бірегей тұлға, биік парасат иесі екенін айтты. Оның айтуынша, отандық медицинаның алға басуына бар қажыр-қайратын жұмсап, көптеген игі іске бастамашы болды.
"Қазақ тағамтану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орната білді. Өзінің жаңаша мектебін қалыптастырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Айналасына сыйлы, ғибратты ғұмыр кешкен Төрегелді Шарманұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.
Ол 12 жыл бойы денсаулық сақтау министрлігін басқарып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің теңдесі жоқ жүйесін құрды. 2005 жылы академик Шармановқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жоғары дәрежесі – Леон Бернард сыйлығы берілді. Ол сыйлықты бүкіл әлем тарихында небәрі 29 адам алған.

Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов 94 жасына қараған шағында дүниеден өтті.