АСТАНА, 24 мамыр - Sputnik. Шымкенттегі заңсыз майнерлердің қылмыстық әрекетін қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері әшкереледі.
Бір топ адам 2023 жылғы сәуір мен 2024 жылғы ақпан аралығында жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде кіріс ала отырып, криптовалюта өндіру бойынша астыртын майнинг фермасын ұйымдастырған.
Тергеу барысында 1000-нан астам ASIC-терден (биткоин өндіру жабдығы) тұратын криптовалюта өндірге арналған майнинг фермасы, ноутбуктер, бейнетіркегіштер, флэш-тасымалдағыштар, ұялы телефондар және құжаттамалар табылып, тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Айта кетейік, бұл саладағы заңсыз қызмет елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, белгілі бір тәуекелдердің туындауына алып келеді.