Шығыс Қазақстан облысындағы Кендірлік өзенінде су қоймасы салынады

Инвестициялық ұсыныс Ұлттық экономика министрлігіне келісуге жіберілді
Sputnik
АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Кендірлік өзенінде су қоймасын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Жаңа су қоймасы 60 млн текше метр су жинай алады. Бұл аймақтағы 20 мың гектар егістікті суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, су қоймасының құрылысы Шығыс Қазақстан облысы үшін стратегиялық маңызды жоба саналады.
"Оны іске асыру өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға, өнімділікті арттыруға және жергілікті шаруаларды тұрақты сумен қамтамасыз етуге тиімді ықпал етеді. Сондай-ақ халықтың өмір сапасын жақсартып, өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосады", – деді Нұржігітов.
Бүгінгі таңда Су шаруашылығы комитеті аталған жоба бойынша инвестициялық ұсыныс әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне келісуге жіберілді. Оң экономикалық қорытынды алғаннан кейін жобаның техникалық- экономикалық негіздемесі жасалады.
Айта кетері, президенттің тапсырмасы бойынша министрлік Суресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірледі, оған сәйкес елімізде жаңадан 20 су қоймасы салынады.
Қазақстанда 20 жаңа су қоймасы салынады