АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур ректорларының "Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы" атты форумына қатысты, деп хабарлады Ақорда.
"Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы" форумы
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу, халықаралық институттармен бірлесіп ұдайы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін елімізге дәйекті тәсіл қажет екенін айтты.
"Соңғы бірнеше жылда біз беделді 19 университетпен стратегиялық альянс құрдық. АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Германия университеттері елімізде өз филиалдарын ашты. Сондай-ақ Қытай, Түркия, Италия және және басқа да мемлекеттердің университеттері Қазақстанға қызығушылық танытып отыр", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Қазақстан мен Сингапурдың тиісті ведомстволары арасында Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын айтты.
"Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы" форумы
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Бұл динамика басқа да бірқатар құжатты қабылдау, соның ішінде Наньян технологиялық университетімен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы жалғасады. Бұл меморандум Қазақстан үшін маңызы зор су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның "Болашақ" бағдарламасы арқылы Сингапурға зерттеушілер мен ғалымдарды жіберуге ниетті екенін айтты.
Оның айтуынша, аталған бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері 12 мыңнан астам қазақстандық студент әлемнің үздік университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Оның ішінде 72 отандасымыз Сингапурда оқыған.
"Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы" форумына қатысушылар
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Әлі де көптеген қазақстандық студент сіздердің ғажап еліңізде тәжірибе алмасу, білім алу мүмкіндігіне ие боларына сенімдімін. Жыл сайын біз зерттеу жұмыстарын жүргізуге 500 стипендия бөлеміз. Сингапурға келетін қазақстандық ғалымдар санының көбейе түскенін қалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шараға Қазақстан мен Сингапурдың жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының 150-ден астам өкілі қатысты.