АСТАНА, 23 мамыр – Sputnik. Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында Алматы облысындағы аса ірі Alatau City жобасын іске асырудың маңызды аспектілері талқыланды, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуетті серіктестерге ілтипат білдіре отырып, Alatau City жобасы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі экономикасының катализаторы ретінде маңызды саналатынын атап өтті. Мемлекет басшысы бұл жобаны іске асыру мәселесі Сингапур президентімен және премьер-министрімен жүргізілген келіссөздер барысында талқыланғанын айтты.
"Біз Сингапур стиліндегі мүлдем жаңа әрі интеграцияланған мегаполис салуға ниеттіміз. Ол әлемдік стандарттарға сай келетін жетекші халықаралық іскерлік хабқа айнала алады. Жан-жақты ойластырылып жобаланған инфрақұрылым, үй салу кезінде инновациялық технологияларды пайдалану және перспективті салаларға баса мән беру – осының бәрі орнықты даму жобасы ретінде Alatau Сity құрылысының сәтті іске асуына үлес қосатын аса маңызды элементтер", – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, IT, cтартаптар, зерттеулер мен әзірлемелер, тұрақты өндіріс, жаңартылатын энергия көздері, агробизнес, денсаулық сақтау сияқты инновациялық секторлардың дамуы ресурс тұтынуға негізделген дәстүрлі салалардан бас тартудың айқын көрінісі болуға тиіс.
"Жасыл, орнықты әрі инклюзивті қала құру, әлбетте, саяси жағынан үздіксіз үйлестіруді және инвестицияға қолайлы жағдай жасауды қажет етеді. Сондықтан Қазақстан үкіметі ауданы мың шаршы километрге жуық Alatau арнайы экономикалық аймағын құрды", – деп толықтырды Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның кешенді жоспарын әзірлегені үшін сингапурлық Surbana Jurong компаниясына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл бастаманың әлеуеті зор екеніне сенім білдіріп, Сингапур бизнесінің өкілдерін осы жобаға белсенді қатысуға шақырды.
Алматы облысының әкімдігі Caspian Group акционерлік қоғамымен және Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп, өңірде G4 City қаласын дамыту жөніндегі Бас жоспардың тұжырымдамасын дайындады.
Биыл қаңтар айында мемлекет басшысының Жарлығымен Іле ауданында облыстық маңызы бар Алатау қаласы құрылды. Үкімет Алатау қаласының Бас жоспарын бекітіп, Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының шекараларын өзгертті. Сондай-ақ Президент G4 City арнайы экономикалық аймағының аумағын 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін ұлғайтып, оның атауын Alatau арнайы экономикалық аймағы деп өзгерту туралы шешімді мақұлдады.