Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Каспий теңізі арқылы энергия экспорттайды

Сарапшылар үш ел қатысатын жобаның болашағын талқылады
Sputnik
АСТАНА, 23 мамыр – Sputnik. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан сарапшылары Еуроодаққа электр энергиясын экспорттау мақсатында үш елдің энергетикалық жүйесін біріктіру мәселесін талқылады.
Қазақстан Еуропаға "жасыл" электр энергиясын экспорттау үшін сутегі энергетикасын дамытуды жоспарлап отыр, деп мәлімдеді Қазақстанның энергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің энергетика және атом саласы комитетінің басшысы Еркебұлан Қожмамбетов.
"2030 жылға қарай олар жасыл сутегін өндіру бойынша үлкен жобаны іске қосқысы келді. Германия қаржыландыруға уәде етеді. Олар шамамен 50 миллиард еуро бөлгісі келеді. Бұл қаражатты 3 ГВт күн электр станцияларын және 4 ГВт жел электр станцияларын салуға жұмсау көзделуде", - деді ол Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығының алаңында өткен Астана – Баку – Ташкент бейнекөпірі барысында.
Қожмамбетовтың айтуынша, жобаны дамыту жұмыстары үлкен көлемде су қажеттілігінен тоқтап тұр.
"1 килограмм "жасыл" сутегін өндіру үшін шамамен 20-25 литр су қажет. Немістер шамамен 2 миллион тонна "жасыл" сутегін өндіруді ұсынады. Сондықтан қанша су қажет болатынын елестетіп көріңіздер. Қазақстан сонша су тұтынатын болса, Каспийдегі көрші мемлекеттер наразылық танытатыны анық", - деп түсіндірді қазақстандық энергетик.
Қазақстан жобадан бас тартпайды – бұл мәселе қазір талқыланып жатыр.
Осы жобаға тоқталған Қожмамбетов республикада сутегі энергетикасын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын хабарлады. Құжатқа сәйкес сутегі түсі бойынша жіктеледі.

Жасыл сутегі қалай түзіледі

Жасыл сутегін күн және жел электр станцияларынан алуға болады. "Қызғылт сарыны" атом электр станцияларынан алады. Газдан алуға болатын "көгілдір" сутегі бар. Сонымен қатар көмірден алынатын ең лас "сұр" сутегі бар, деп түсіндірді сарапшы.

Әзербайжан артық электр энергиясын қазірден жібере алады

Әзербайжан қазірдің өзінде артық электр энергиясын Еуропа елдеріне ғана емес, Орталық Азияға да экспортқа жібере алады, дейді Әзербайжан ғылым және білім министрлігі Экономика институтының жетекші ғылыми қызметкері Эмин Мамедзаде.
Оның айтуынша, республиканың жаңартылатын энергия көздері арқылы энергетикалық әлеуетін арттырудың болашағы зор.
Мамедзаденың пайымдауынша, бұл күн батареялары мен жел генераторларын шығаратын аралас салаларды дамытуға ықпал етеді.
Сондықтан Әзербайжандағы үш елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығының келешегі өте үлкен деп бағаланады. Сонымен қатар Баку бұл ынтымақтастық Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы елдердің интеграциясына ықпал етеді деп санайды.

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның энергетика жүйелері қалай біріктіріледі

"Norma" компаниясының өзбекстандық сарапшысы Жорилла Әбдуллаевтың пікірінше, электр энергиясының экспорты Еуропаға да, кері бағытта да жүруі керек. Өзбекстандағы, Қазақстандағы энергия тапшылығын ескерсе, бұл сонда ғана тиімді болады.
Ол үш елдің энергетика жүйесін біріктіру мәселесін де пысықтау керек екенін айтты.
Ол "Орталық Азия – Қазақстан" біртұтас энергетика жүйесі кеңестік кезеңде болғанын айтты. Қазір ол Қазақстанның бес облысы, Өзбекстан және Қырғызстанның қатысуымен қысқартылған нұсқада жұмыс істейді.
Түрікменстан бұл біртұтас жүйеден 2003 жылы шығып, қазір Иранмен көбірек жұмыс істейді. Тәжікстан биыл біртұтас энергетикалық жүйеге енуді көздеп отыр.
Әзербайжан бұл жүйеге қалай кіреді деген сұрақ туындайды, дейді сарапшы. Әлде осы үш мемлекеттің түбегейлі жаңа біртұтас энергетикалық жүйесі құрыла ма?
Ташкент мемлекеттік экономика университеті Әлемдік экономика және халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының доценті міндетін атқарушы Нодира Зикриллаеваны да осы мәселе толғандырып отыр.
"Әзербайжан біртұтас энергетика жүйесіне біріктірілсе немесе басқа сақина құрылса, ол басқа мәселе. Сәйкесінше, бұл екі түрлі қаржыландыру мен технологиялық шешімдерді қажет ететін екі түрлі нұсқа. Мемлекеттер таңдаған үлгілер бойынша "жасыл" энергетика жүйесі құрылады", - деп есептейді сарапшы.

"Жасыл" энергия Еуропаға ғана пайдалы болмауы керек

Оның айтуынша, жаңартылатын энергия көздерін дамытуда да көптеген мәселе туындайды.
"Күн энергетикасы саласында ядролық қалдықтардан әлдеқайда қауіпті күн батареялары мен күн панельдерін қайта өңдеу мәселесі бар. Оларды не істеу керектігін ешкім білмейді. Жел энергиясына келетін болсақ, Еуропа одан бас тартуда. Өйткені қоршаған ортаның өзгеруі мен экологияға әсер ету тұрғысынан айтарлықтай кемшіліктер бар. Бұл белгілі бір флора мен фаунаның жойылып кетуінен, сонымен қатар құстар мен аралардың проблемаларынан байқалады", - деп толықтырды спикер.
Оның пікірінше, "жасыл" энергетиканы дамыту Еуропаға ғана емес, үш елге де тиімді болуы керек.
Осыған байланысты кездесуге қатысушылар "жасыл" деп танылған атом энергиясына балама жоқ екенін мойындады.
Бұл ретте, сарапшылардың пікірінше, Каспий теңізінің түбімен кабель тарту жұмыстарын кім қаржыландырылады және басқа елдер бірлесіп қаржыландыруға қаншалықты дайын деген басты мәселені шешу қажет.

Каспий түбімен терең теңіз энергетика кабелі тартылады

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан энергетика жүйелерін біріктіру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл "жасыл" энергия өндіру және оны Еуропаға экспорттауды ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастыққа мүмкіндік береді. Экспорттау үшін Каспий теңізінің түбімен терең теңіз энергетика кабелі тартылады деп болжануда.