АСТАНА, 23 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары кезінде инвесторларға жаңа мегаполис туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сингапурға мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің бизнес форумына қатысты. Сол жерде президент Қазақстанда мүлде жаңа әрі интеграцияланған мегаполис салу бастамасын таныстырды.
"Бұл жоба болашақта "Орталық Азиядағы Сингапурға" әрі халықаралық жетекші бизнес-хабқа айналуды көздейді. Осы мақсатқа бөлінген мың шаршы километрге жуық аумақ Арнайы экономикалық аймақ режимінде дамиды. Сингапурлық Surbana Jurong компаниясы аталған жобаның кешенді жоспарын әзірлегенін ерекше атап өткім келеді. Форум аяқталған соң, барлық мүдделі тараппен осы мәселені талқыламақпын. Сингапур бизнесі келешегі зор бұл бастамаға белсенді атсалысады деп үміттенемін", – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Сингапур географиялық жағынан алшақ орналасқанына қарамастан, саяси және экономикалық тұрғыда сенімді серіктес елдер болып қала береді.
Айта кетері, Алатау қаласы Алматы облысындағы Жетіген ауылының негізінде құрылды. Жаңа қала Алматыдан 45 шақырым шалғай жерде орналасқан. Онда ерекше құқықтық режим енгізу жоспарланып отыр. Ал бас жоспарына 8,6 трлн теңге инвестиция салынады. Алатауға бірқатар елді мекендерді қосқаннан кейін қаланың аумағы 88 мың гектарға жетеді.