АСТАНА, 22 мамыр – Sputnik. Жоғары аудиторлық палата Ұлытау облысында өткізген екі жылдық аудиттің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан палатаның ресми сайтына сілтеме жасап.
Палата мамандары 2022 жылғы 1 қаңтар мен 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығында облысқа инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді, әлеуметтік объектілерді және жобаларға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне талдау жасады.
"Облыс құрылған күннен бастап қордаланған өңірлік проблемаларды іс жүзінде шешу бойынша пәрменді шаралар қабылданбаған. Кешенді жоспарда қолда бар сумен жабдықтау, кәріз және су бұру желілерін жаңартуды не тозудың жоғары деңгейін төмендетуді талап ететін іс-шаралар қамтылмаған. Жаңа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт объектілерін салу, сондай-ақ қолданыстағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жөндеу деңгейі төмен", — дейді аудиторлар.
Негізгі проблемалар:
Жезқазған және Сәтбаев қалаларын ауыз сумен жабдықтаудың негізгі көзі Кеңгір су қоймасын тазарту және ластаушы заттардың түсуін азайту бойынша тиімді шаралар қабылдамау;
Қазақстанның орталығында, алты облыспен ортақ шекарасы бар тиімді географиялық орналасуына қарамастан, жол желілерін тиімді дамытпау (тек Қызылорда, Қарағанды және Қостанай облыстарына қарай).
2022-2023 жылдары ұзындығы 47,5 км облыстық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау және салу бойынша 2 жобаны ғана іске асыру жоспарланған;
19 балабақша ғимараттарының тозуы 65%-дан асады, ал үшеуі 100% тозған. Соған қарамастан облыс әкімдігі Жезқазған мен Сәтбаевта әрқайсысы 320 орындық балабақшалардың құрылысын аяқтау үшін тиісті шаралар қабылдамаған;
18 денсаулық сақтау ғимаратының тозу деңгейі 60%-дан асады. Ал мемлекеттік нормативке сәйкес өңірде бірқатар көпсалалы және жоғары мамандандырылған облыстық орталықтар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары және медициналық оңалту ұйымдары болуы тиіс;
Жезді кентінде құны 396 млн теңгеден асатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені объектіні салудың нормативтік мерзімі 7 ай бола тұра, 2020 жылдан бері әлі салынуда. Атасу кентіндегі құны 906 млн теңгеден асатын сауықтыру кешені бойынша да жағдай сондай;
"Жалпы аудит қорытындысы бойынша 4,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 1,7 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 7,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану, 22,8 млрд теңгеге шығындар мен жіберіп алған пайда, сондай-ақ 12 жүйелік кемшілік пен 203 рәсімдік сипаттағы бұзушылық анықталды", - делінген ресми хабарламада.