Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті Әзербайжаннан экстрадицияланды

Ол Біріккен Араб Әмірліктерінен ұялы телефондарды арзан бағамен жеткізіліп беремін деп біраз адамды алдаған
Sputnik
АСТАНА, 22 мамыр – Sputnik. Әзербайжанға қашып кеткен алаяқ Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Ресми мәліметке сәйкес, ол 2021-2023 жылдар аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінен ұялы телефондарды арзан бағамен жеткізіліп беремін деп біраз адамды алдаған. Халықтан 21,5 миллион теңгені жинап, жоғалып кеткен. Бұдан бөлек, 2022 жылдың басында алаяқтық жолмен "Toyota Land Cruiser" көлігін иемденіп, жәбірленушіге 24 миллион теңге шығын келтірген. Осыдан кейін шетелге қашып кеткен. Оған халықаралық іздеу жарияланған.
Аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін айыпталған Қазақстан азаматын бүгін бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің қызметкерлері сыртқы істер министрлігінің көмегімен Әзербайжаннан жеткізді.
Қазіргі кезде күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Жасаған қылмыстары үшін оның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.