Төрт күн сусыз отыр: мекеме басшысы Алматыдағы аудан тұрғындарының шағымына жауап берді

Мекеме басшысы тұрғындар мүлдем сусыз отырмағанын айтады
Sputnik
АЛМАТЫ, 21 мамыр – Sputnik. Әлеуметтік желіде Алматының Ерменсай шағын ауданында тұрғындардың төрт күн бойы сусыз отырғаны туралы ақпарат тарады. Ал осы ауданды сумен қамтитын мекеме мұны жоққа шығарып отыр. Мәселенің мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Желіде ақпарат таратқан тұрғындар уақытша тұру пунктеріне орналастыруды сұраған. Сондай-ақ су құбырындағы ақауды жою мүмкін емес екенін алға тартқан.
Мекеме басшысы тұрғындар мүлдем сусыз отырмағанын айтады.
"20 мың адам сусыз қалды деген ақпарат тарады. Шын мәнінде 571 абонент сусыз қалды, бірақ төрт күн бойы емес, арагідік қосымша су қорынан беріліп тұрды", - дейді "Водоснаб" аудандық кәсіпорнының директоры Таир Абдуллаев.
Оның айтуынша, мәселе құбырларда емес.
"Құбырлар тозбаған. Толассыз жауыннан жолдағы асфальттың беті босап кеткен. Сол жолмен өткен КАМАЗ көлігі құбырды мыжып тастаған. Құбырды ауыстырдық. Оны ауыстырып біткенше сорғыға су жетпей қалып, күйіп кетті. Жаңа сорғы сатып алдық. Ешбір тұрғын үй кешені бірнеше күн сусыз қалған жоқ", - дейді Таир Абдуллаев.
Құбырлардың жиі жарылуынан тұрғындар айлар бойы сусыз қалып отыр – Смайылов