Астана ШЫҰ-2024

ШЫҰ елдерінің СІМ басшылары 22 шешім қабылдады

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті
Sputnik
АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында 22 шешім қабылданды. Бұл туралы ұйымның бас хатшысы Чжан Мин баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қол қойылған шешімдер саяси, дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көпжақты ынтымақтастыққа қатысты.
"ШЫҰ Бас хатшысының хатшылықтың 2023 жылдың мамырынан 2024 жылдың мамырына дейінгі жұмысы туралы есебі де мақұлданды", - деді Мин.
Кездесу барысында ұйымның мүшелігін кеңейту процесіне ерекше назар аударылды, деп мәлімдеді ШЫҰ Бас хатшысы.
"Бұл ұйымға кірмейтін басқа елдердің арасында ШЫҰ-ның тартымдылығы мен оң имиджін көрсетеді. Беларусь сыртқы істер министрі Сергей Алейник мырзаның қатысуымен біз республиканың ұйымға кіру процесі бойынша мәселелерді талқыладық", - деді ол.
Ұйымның жетістіктерін талқылау күн тәртібінде маңызды мәселе болды, деді Чжан Мин.
Тараптар жаңа жағдайларда ШЫҰ органдары мен тетіктерінің одан әрі тиімді жұмыс істеуі мәселелерін талқылады.
Чжан Мин Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығына да тоқталды.
"2023 жылдың шілдесінен бері Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы аясында қазақстандық тарап түрлі салада 180-нен астам іс-шара ұйымдастырды. Осы миссия барысында экономикалық, инвестициялық, көліктік, мәдени-гуманитарлық мәселелерге ерекше назар аударды", - деді ұйымның Бас хатшысы.
Қазақстанның төрағалығы мазмұнды әрі қызықты болды, деді ол.
"ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қолдауымен Астана саммиті сәтті өтіп, ұйымға жаңа серпін беретініне және оның дамуындағы тағы бір маңызды кезеңге айналатынына сенімдімін. Біз өз тарапымыздан оған дайындыққа барынша көмек көрсетуге дайынбыз", - деп сендірді Чжан Мин.
Сондай-ақ күзде Исламабадта (Пәкістан) өтуі жоспарланған ШЫҰ үкімет басшылары кеңесін өткізу мәселелері қаралды.
Отырысқа ШЫҰ-ға мүше тоғыз мемлекеттің сыртқы істер министрлері және ШЫҰ АТҚҚ атқарушы комитетінің басшысы Руслан Мирзаев қатысты.