"Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды": Тоқаев Иран елшілігіне барды

Тоқаев өз ұлтының ұлы перзенті Ибрахим Раиси Отанына адал қызмет еткен тұғырлы тұлға екенін атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның Қазақстандағы елшілігіне барып, президент Ибрахим Раиси мен үкімет делегациясы мүшелерінің тікұшақ апаты салдарынан қаза табуына байланысты иран халқына көңіл айтты және қолдау білдірді.
Президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
"Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисидің және үкімет делегациясы мүшелерінің мезгілсіз қазасы туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды!", – деп жазды мемлекет басшысы.
Тоқаев өз ұлтының ұлы перзенті Ибрахим Раиси Отанына адал қызмет еткен тұғырлы тұлға екенін атап өтті.
"Біз оны парасатты басшы, беделді саясаткер, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірген қайраткер ретінде әрдайым есте сақтаймыз. Қазақ халқының және өзімнің атымнан ирандық бауырларымызға қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы саламат, рухы пейіште болсын!", – деп түйіндеді президент.
Еске сала кетейік, Иран президенті Эбрахим Раиси, сыртқы істер министрі Хосейн Әмір Абдоллахиан және басқа да ресми тұлғалар мінген тікұшақ 19 мамырда елдің солтүстік-батысындағы Шығыс Әзербайжан провинциясының Верзеган ауданында құлады. 20 мамыр күні таңертең Иран вице-президенті Мохсен Мансури президент пен оның делегациясының қайтыс болғаны туралы ақпаратты растады
БАҚ: Иран президентінің тікұшағы толығымен өртеніп кетті