АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. Тасқын кезінде малынан айырылған құлсарылықтарға мамыр айының соңына дейін өтемақы төленеді, деп хабарлайды облыстық жедел штаб.
Жылыой ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне су тасқыны кезінде малынан айырылған тұрғындардан 101 өтініш келіп түсті, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штаб. Жылыой ауданында су тасқыны кезінде барлығы 876 бас ұсақ және ірі қара мал зардап шекті.
Оның ішінде:
93 бас ірі қара мал,
697 бас ұсақ мал,
55 бас жылқы,
31 бас түйе - 532 құс.
Айта кетейік, 2024 жылдың 20 мамырынан бастап малынан айырылған 23 тұрғынға жалпы сомасы 25,6 млн теңгеге өтемақы төленді.
"Су тасқыны кезінде малы зардап шеккен қалған 78 тұрғынға ақшалай өтемақы айдың соңына дейін төленеді. Төлемдердің жалпы сомасы 93,5 млн теңгені құрайды", - деді Жылыой ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев.