ЕАЭО елдері техникалық реттеудегі қадағалауды автоматтандырады - ЕЭК министрі

Еуразиялық экономикалық одақ техникалық регламенттер мен стандарттарды цифрландыруды қалай жоспарлап отырғаны туралы ұйым министрі айтып берді
Sputnik
АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. ЕЭК министрі Валентин Татарицкий Техникалық реттеу және метрология федералдық агенттігінің (Росстандарт) қорытынды алқа отырысында ЕАЭО елдерінде болашақтың стандарттары мен техникалық реттеулері қалай қалыптасып жатқанын айтып берді.
Министр 29 мамырда ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толатынын еске салып, осы уақыт аралығында техникалық реттеу саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізілгенін айтты.
Жақын арада одақ елдері стандарттау жұмысын барынша тығыз үйлестіреді, сондай-ақ күшіне енген регламенттер мен стандарттар тізбелерінің ғылыми-техникалық деңгейін кезеңді түрде бағалауды жоспарлап отырған бірыңғай тәртіп енгізеді.
Валентин Татарицкий сондай-ақ биыл ЕАЭО аумағында өлшем құралдарын пайдалануға рұқсат ету механизмін әзірлеу бойынша пилоттық жобаның нәтижелерін талқылау жоспарланып отырғанын айтты.
Валентин Татарицкий техникалық реттеуді дамытуда цифрландыру маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, "Одақ шеңберіндегі цифрлық техникалық реттеу" жобасын жүзеге асыру "болашақты техникалық реттеу" жолындағы алғашқы қадам болады.
"Жобаны жүзеге асыратын сарапшылар тобы бүгінде құрылып жатқан біртұтас цифрлық платформаны қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған немесе енді ғана құрылып жатқан одақ сервистерімен толтыру келешегін белгілеп жатыр", - деді Валентин Татарицкий.
ЕЭК министрі мұндай жүйе елдерге сәйкестікті бағалау және рұқсат беру процесін цифрландыруға, сондай-ақ техникалық реттеу саласындағы қадағалау қызметін автоматтандыруға кезең-кезеңімен көшуге мүмкіндік береді деп сенеді.