АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. Биыл мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемд алғаш рет алғандардың саны 89 мың адамды құрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жалпы жұмыссыз қалған 143,3 мың адам әлеуметтік төлем алып жатыр. Олардың ішінде 89 мың адамға биыл алғаш рет осы төлемдер тағайындалды. Барлығына 25 млрд теңге бөлінді.
Қазақстанда заң бойынша жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер ала алады. Бұрынғы табыстың 45%-ына дейінгі мөлшерде төлемдер беріледі.
Төлем алу тәртібі:
eGov.kz порталында авторизациялау;
"Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
бір күн ішінде жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Бұл қызметті онлайн режимінде Электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
"Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады", - дейді министрлік мамандары.
Айта кетері, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады.