АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. Digital Bridge 2024 халықаралық IT форумы қыркүйек айының басында Астанада өтуі керек еді, бірақ су тасқынына байланысты ол өтпейтін болды, деп хабарлайды цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан болған елдегі күрделі жағдайға байланысты ірі іс-шаралардан бас тарту туралы тапсырмасына сәйкес осы жылдың 5-7 қыркүйегінде Астанада жоспарланған Digital Bridge 2024 халықаралық IT форумын өткізуден бас тарту туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.
Биыл алтыншы рет өтуі тиіс Digital Bridge 2018 жылы басталып, Орталық Азиядағы IT саласының дамуындағы соңғы трендтер мен келешегін талқылайтын ең үлкен алаңға айналды. 2020 жылы да форум әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясына байланысты өткізілмеген.
Биыл көктемгі су тасқыны Қазақстанда соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апатқа айналды.
"Осыған байланысты, ауқымды залалдың салдарын жою және ел азаматтарына көмек көрсету үшін қаржыны үнемдеу мақсатында мемлекет басшысы үкіметке жоспарланған имидждік және басқа да ірі іс-шаралардан бас тартуды тапсырды", - делінген ведомство хабарламасында.
Digital Bridge ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Astana Hub халықаралық технопаркі форумға қатысуға ниет білдіргендердің барлығына алғысын білдіреді. Жағдай тұрақтанған соң, Digital Bridge халықаралық IT форумы 2025 жылы жұмысын жалғастырады.