АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары пара беруге оқталу бабы бойынша сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Тергеу материалына сәйкес, Мақсұт Исахов қала әкімінің орынбасары болғанда ұлттық қауіпсіздік комитеті әкімдіктің лауазымды тұлғасына қатысты қылмыстық іс қозғаған. Сол кезде Исахов комитеттің жергілікті департаментіне шығып, істі қысқарту үшін 200 мың доллардан астам пара беруге оқталған. Сотта оның кінәсі дәлелденді.
Прокурор сотталушыға 8 жыл 5 ай бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Ал Исаховтың қорғаушылары қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.
"Жаза кесу барысында сот сотталушы И.-ның асырауында жасөспірім балаларының болуын қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады", - делінген ресми хабарламада.
Судья оны ірі мөлшерде пара беруге оқталу бойынша кінәлі деп тауып, 8 жыл 5 ай 7 күнге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Оған қоса, мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеуге тыйым салынды.
Исаховты "Құрмет" орденінен айыруға ұсыныс енгізілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.