Коронавирустың жаңа штаммының салдары қандай

Sputnik
АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. Flirt деп аталатын коронавирустың жаңа штамы аурушаңдықтың өсуіне әкелмейді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында Мәскеу – Астана – Бішкек – Ереван – Минск бейнеконференциясы барысында академик Геннадий Онищенко мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа штамм басқа нұсқаларға қарағанда COVID-19 жұқтырудың артуын немесе ауыр ауру түрлерін тудырмайды.
"Яғни, сырқаттану деңгейі бұрынғы деңгейде қалады. Бұл аурушаңдықтың жазда ұлғаюына әкелуі екіталай, бірақ аздап өседі", - деді академик.
Коронавирустың жаңа штаммынан қорқу керек пе?
Flirt деп аталатын жаңа "KР2" штамы наурыз айының соңында пайда болды және сәуірдің өзінде алдыңғы штамды ығыстыра бастады. Оның үстіне екеуі де Омикрон нұсқасы болып табылады.
"Симптомдары: жөтел, ентігу, тыныс алудың қиындауы, шаршау, бұлшықет ауыруы, бас ауыруы - бұл ең алғашқы штамдар тіркелгеннен бері байқалған бүкіл классикалық жиынтық. Мұрын бітелуі немесе мұрынның ағуы, жүрек айнуы және диарея - бұл ерекшеленетін белгілер. Бұрынғы штамдарда олар болған жоқ", - дейді Онищенко.
Су тасқыны аурулардың көбеюіне себеп бола ма?
Ол сондай-ақ Қазақстанда және Ресейдің көршілес облыстарындағы су тасқыны ішек және аса қауіпті инфекциялардың өршуіне себеп болмайтынын айтты.
"Кеңес дәуірінен бері бізде мал қорымдарының атласы болды, біз оларды бақыладық. Олардың саны 40 мыңға жуық болған, сондықтан адамдар мен жануарлар арасында қандай да бір ірі ауру ошағы болмайды. Ауру жұқтырудың бірен-саран фактісі тіркелуі мүмкін", - деп айтты академик.
Қалай күнге қыздырыну керек
Онищенко жаз мезгілі қарсаңында күнге қалай дұрыс қыздырыну керектігі туралы кеңес берді.
"Таңертең және күн батқанда қыздырыну керек. Үлкен жастағы адамдар үшін қыздырыну аса қажет, 10-15 минут суға жақын жерде қыздырынса жетеді", - деді академик.
Оның айтуынша, созылмалы, жүрек және эндокринологиялық аурулары бар адамдар, қал-меңі бар адамдар абайлап күнге қыздырыну керек.
Қатерлі ісік таралуда - неге
Академик қатерлі ісіктің көбеюіне әкелетін себептерді де санамалап берді.
"Біріншіден, орташа өмір сүру ұзақтығы артты. Біз оны ұлғайттық, бірақ геронтологиялық медицинаға қажетті профилактикалық шараларды әлі әзірлеген жоқпыз. Екіншісі - алкоголь және ішімдік. Үшіншісі - атмосфераға зиянды заттар шығарумен байланысты экология", - деді Онищенко.
Генді түрлендірілген адамдар қашан пайда болады
Оның айтуынша, адам геномын генетикалық түзету жұмысынан оң қарқын байқалады, өйткені медицинада адам геномы арқылы берілетін кем дегенде 4 мың ауру бар, оның ішінде гемофилия мен қант диабеті бар. Қазір зертханада бір-екі күн ішінде мамандар сіздің бүкіл геномыңызды анықтап, қандай ауруларға, соның ішінде онкологияға қандай генетикалық бейімділігіңіз бар екенін айтып береді.
Бірақ 20 жыл бұрын бүкіл әлемде адам геномымен мұндай жұмыс жүргізуге мораторий енгізілген болатын, өйткені ол үлкен қауіп төндіреді.
"Бұл негізсіз қорқыныш емес, себебі, біреу адам геномымен тәжірибе жасай бастаса, бұл өте қауіпті", - деп есептейді академик.
Оның айтуынша, тыйым салынғанына қарамастан, 2019 жылы Қытай ғалымы АИТВ бар әйелден туылған егіздер ауру жұқтырмас үшін олардың геномын өңдеген. Жоба бірден жабылды, эксперимент салдарынан балалардың басқа ауруларға төзімділігі төмендегендіктен ғалым жұмыстан шығарылды. Осыдан кейін Қытай да эмбриондардың геномын өңдеуге тыйым салды.
Онищенко табиғаттың ондаған миллион және миллиардтаған жылдар бойы жасаған істеріне адам араласпауы керек деп санайды. Сонымен қатар, бұл техникалық тұрғыдан қазірдің өзінде мүмкін, бірақ өркениет үшін салдары қандай болатынын елестету әлі қиын. Өйткені бір геннің өзгеруі болашақта күтпеген мутацияларға әкелуі мүмкін.