АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. Ақтөбеде айыппұл тұрағынан көліктерді заңсыз сатқан бұрынғы полицей мен кәсіпкер сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Диапазон порталына сілтеме жасап.
Коммуналдық айыппұл тұрағы Богослов тас жолының бойында орналасқан. Ол жерде қылмыстық істер бойынша тәркіленген көліктер тұрады. Оларды күзетуге жыл сайын бюджеттен ақша бөлінеді. Ал айыппұл тұрағын күзететін мекеме тендер арқылы анықталады.
Былтыр наурыз айында тендерде "ИП Каманов Е.М" жеңіп алды. Оған тұрақты тапсырғанда 333 көлік болған. Бір айдан кейін тексеріс кезінде бірнеше көліктің жоғалғаны анықталды. Тергеу нәтижесінде полиция қызметкері Азамат Қаманов ұсталды. Сол кезде ол патрульдік полицияда взвод командирі болған. Ал тендерді жеңіп алған кәсіпкер оның әкесі болып шықты. Айыппұл тұрағының жаңа директоры Руслан Қожаев та полицейдің танысы екені анықталды. Қаманов оны әкесінің атынан тендерге қатысуға көндіріп, артынан директор қызметіне қоюға уәде берген.
Қожаев тендерді жеңіп алады. Тұрақты қабылдап, жаңа күзет қояды. Артынан Қаманов екеуі өз жоспарын орындауға кірісіп, тұрақта ұзақ уақыт тұрған көліктерді заңсыз сатуды бастайды. Экс-полицей алдымен бір Toyota Camry-ді танысына 2 миллион теңгеге сатып жібереді. Одан кейін жол апатына түскен Сhevrolet Cobalt көлігін 100 мың теңгеге метал қабылдау пунктіне тапсырып тастайды. Бұл көлікте төрт бірдей адам қаза тапқан. Төртеу де Өзбекстан азаматтары. Бұдан бөлек, Қожаев Kia маркалы бір көлікті сатқан. Сол үшін 6 миллион теңге алады. Бірақ жаңа иесі көлікті алып кете алмады. Себебі тергеу шаралары басталып кетті.
Сотта екеуі кінәсін мойындамай, бір-біріне сілтеді. Алайда екі "серіктестің" кінәсі дәлелденді. Сот шешімімен Қаманов 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса, мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеуге тыйым салынды. Ал Қожаев 3 жылға сотталды.