"Ұлы дала жорығы" марафон-бәйгесі басталды

Бәйгенің үшінші маусымы Павлодар – Астана бағыты бойынша өтеді
Sputnik
АСТАНА, 19 мамыр – Sputnik. Павлодарда көрнекті геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған"Ұлы дала жорығы" кең ауқымды республикалық марафон-бәйгенің үшінші маусымы басталды.
Биыл500 шақырымдық марафон-бәйге Павлодар – Астана бағыты бойынша өтеді. Оған Қазақстанның әр өңірінен 19 команда қатысып жатыр.
"Ұлыдала жорығы" марафон-бәйгесін үшінші рет өткізіп отырмыз. Бұл – азаматтар мен арғымақтардың төзімі мен ерік-жігері сынға түсетін дода. Барлық спортшымыз осы күрделі сынақтан сүрінбей өтіп, жорытқанда жолдары болсын!", - деді марафонға қатысушыларға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Командалар бес күн бойы күніне 100 шақырым жол жүріп өтуге тиіс. Әр 50 шақырым сайын командалар мен олардың аттарына демалуға мүмкіндік беріледі. Жылқылардың жағдайын тәжірибелі ветеринарлар бақылайды.
Айта кетері, әр команданың жолға шығу уақыты әртүрлі. Бірінші команда сағат 07.00-де, келесілер екі минут аралықпен жолға шығады. Нәтижесінде соңғы команданың сапары 07.36-да басталады. Командалардың қандай нөмірмен жарысатыны жеребе тарту барысында анықталды.
Командалар бір-бірімен жарыспайды, өйткені әрқайсының қозғалыс уақыты әртүрлі. Барлық қашықтықты ең қысқа уақытта еңсерген команда жеңімпаз атанады.