Тоқаев БАӘ президентімен екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады

БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қасым-Жомарт Тоқаевты өткен туған күнімен құттықтады
Sputnik
АСТАНА, 19 мамыр - Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әмірліктер тарапының бастамасымен осы елдің президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы қатынастарды нығайтуға баса мән берілді. Осы ретте екі ел басшылары Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы серіктестіктің қазіргі деңгейін жоғары бағалай отырып, қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшылары саяси диалогты одан әрі кеңейтуге, сауда-саттық байланыстарды жандандыруға және экономиканың түрлі секторларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара ниетті екенін растады.
Әңгімелесу барысында БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қасым-Жомарт Тоқаевты өткен туған күнімен құттықтады.