Тоғыз облыста дабылды ескерту жарияланды

Таулы аймақтарда найзағай ойнап, қатты жаңбыр, бұршақ жауып, дауыл соғуы мүмкін
Sputnik
АЛМАТЫ, 19 мамыр – Sputnik. Қазақстанның 9 облысында дабылды ескерту жарияланды, деп хабарлады Казгидромет.
Түркістан облысы: түнде оңтүстікте, таулы және тау бөктерінде қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнап, дауыл тұрады. Күндіз таулы аудандарда бұршақ жауады. Секундына 23 м жылдамдықпен жел соғады.
Жетісу облысы: солтүстікте, оңтүстікте, таулы аймақтарда қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл соғуы мүмкін. 15-20, кей жерлерде 23-28 м/с жел соғады.
Жамбыл облысы: таулы аудандарда қатты жаңбыр жауады. Найзағай ойнап, дауыл соғады, бұршақ жауады. Оңтүстік-шығысқа ауысатын оңтүстік-батыс желдің екпіні 15-20 м/секундқа жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысы: оңтүстікте найзағай ойнап, бұршақ жауады, тұман түсуі ықтимал. Солтүстік-шығыстан 15-20 м/с жел соғады.
Қызылорда облысы: жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Секундына 20-23 метр жылдамдықпен жел соғады.
Қостанай облысы: түнде қатты жаңбыр жауып, тұман түседі. Облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде солтүстік жел екпіні 15-20 м/секундқа жетеді.
Батыс Қазақстан облысы: күндіз оңтүстік-шығыста найзағай ойнайды. Солтүстік, солтүстік-шығыс, күндіз облыстың оңтүстік-шығысында желдің екпіні 15-20 м/с жетеді, облыстың батысында өрт қаупі жоғары болады.
Маңғыстау облысы: күндіз солтүстікте, шығыста найзағай ойнайды, түнде және таңертең батыста тұман түседі.
Павлодар облысы: батыста, солтүстікте, шығыста найзағай ойнайды. 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады деп болжанып отыр.