АЛМАТЫ, 17 мамыр – Sputnik. Қазақстанда бидай мен арпаның егіс алқаптары қысқарып, майлы, жем-шөп дақылдары мен қант қызылшасының егіс алқаптары ұлғаяды. Әсіресе қант қызылшасын көптеп ексе нәтиже қандай болады, диқандар шығынға батпай ма? Sputnik Қазақстан тілшісі зерттеп көрді.
Жетісу облысының тумасы Александр Квитко – қызылша егуден рекорд орнатқан шаруалардың бірі. Әлі күнге дейін сол кәсіппен айналысып келеді. Айтуынша, биыл да қант қызылшасынан түсетін өнім мол болады.
"Қазақстанда қант зауыттарының саны аз"
"Қант қызылшасы қазіргі күні нәтижесі мол өнімнің бірі болып тұр. Мысалы өткен жылы Жетісу облысында 300 мың тоннадан астам қант қызылшасы өсірілсе, биыл 450-500 мың тонна өндірілуі мүмкін. Бірақ Жетісуда бес қант зауыты болған, қазір екеуі ғана қалды. Бұл зауыттар 1950 жылы тұрғызылған, өте ескі. Ешбір техникалық жабдықтармен жабдықталмаған, қағаз жүзінде болғанымен іс жүзінде ондай керемет боп тұрған жоқ. Біріншіден 2000 жылы мамандарды шетелге білімін арттыруға жіберетін. Қазіргі күні мысалы Ақсу заводында техникалық ақау болса Украинаға звондап, келіп қарап беруді сұрап жатады. Барлығы тікелей кадрға байланысты. Білікті маман жоқ болса, кез келген өндіріс шығынға ұшырайды", - дейді Александр Квитко.
"Жүк көлігінің шығынын шаруа төлейді"
Диқанның айтуынша, мемлекеттен өте қомақты қаражат бөлініп жатыр.
"Бірақ бұл қомақты қаражатты бәрімен бөлісуің керек, ал заводқа сол қаражаттың қаншасы жетіп жатыр, оны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Біз шаруалар өнімді өсіріп, зауытты қантқа толтырып бере аламыз. Бірақ мұндай көп өнімді зауыттар өңдеп шығара ала ма, мәселе сонда. Басқа облыстарға апарғанның өзінде жүк тасымалы, вагонмен тасу, оның бәріне көп қаражат кетеді. Күз басталса міндетті түрде проблема болады. Қарапайым мысал, Ақсу қант зауыты биыл 250-300 мың тонна қант қабылдайды. Өңдей алады, бірақ сол қант қызылшасын тез-тез қабылдап, жүк көліктерін күтіп ала ала ма? Өйткені қызылшаны тасып әкелген жүк көліктері әрі кетсе 2-3 сағат күтер, бірақ одан әріге шыдамайтындар бар, өйткені бәрі қаражат табу керек. Сол кезде камаз жүргізушілерінің арасында кикілжің туады", - дейді Александр Квитко.
Шаруаның айтуынша, қызылшаны зауытқа өткізе алмай, бірнеше тәуліктеп тұратын камаз жүргізушілеріне күткен уақыты үшін диқандар қалтасынан ақша төлейді.
"Дәл егіс жинау кезінде диқандардың ең үлкен проблемасы басталады. Ол қантты зауыттарға жеткізу. Мысалы қызылшаны таситын жүк көліктері күніне 70 мың теңге табады. Ол үшін бір тәулікте 1,5 рейс жасау керек. Бірақ зауытқа өткізе алмаған жүк тасушылар мүлдем бас тартады немесе әрбір Камаздың күтіп тұрған уақытына шаруалар өз қалтасынан 70 мыңнан төлейміз. Мен бұл мәселені облыстық деңгейде де талай көтердім", - дейді Александр Квитко.
"Шаруаларға ақша кешігіп беріледі"
Биыл шаруаларға көктемгі суару жұмыстары үшін қажетті ақшаға тапсырыс беру туралы кеш айтылған.
"Осыдан екі күн бұрын ғана айтылды. Қазір қант қызылшасы 5 сантиметр өсті. Бұл ақша бір жарым ай бұрын берілуі керек болған. Шаруашылыққа бөлінген ақшаны дер кезінде беріп тұру керек. Негізі бұл ақшаны алудың да өз қиындығы бар, кепілге қоятын мүлкің болуы қажет. Егер басыңда жаңа үйің болса, оны кепілдікке алса, тек 20-30%-ін ғана береді", - дейді диқан.
Шаруа біткеннің шымбайына бататыны – мәселенің жоғары жаққа жетіп, ол жүзеге асқанша 1,5 айдай уақыт өтетіні.
"Бір жарым ай шаруаның жұмысы тұралап қалады. Не гербицидке ақшасы жоқ, не суға ақшасы жоқ, салдарынан егістікті қалдыруға тура келеді. Егер бәрі дер кезінде жүзеге асырылса, өнімге қарық болар едік. Мысалы гектарына 33 тонна шығын болады, үстінен түскені ғана пайда. Егер барлық жұмыс дер кезінде атқарылса гектарына 60-70 тонна қант қызылшасын алуға болады. Ақша уақытында берілсе арамшөп те баспайды, егістік уақытында суарылады. Барлығы қаражатқа келіп тіреледі", - дейді қант қызылшасын өсіруден рекорд орнатқан Александр Квитко.
Бидай мен арпа алқаптары азаяды
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов 2024 жылғы маусымның жалпы егіс алқабы 23,9 млн га болатынын айтты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 115,6 гектарға аз. Бидай 439,2 мың гектар, арпа 129,5 мың гектарға қысқарады. Оған қоса майлы дақылдар 414,7 мың га-ға, жем-шөп дақылдары 96,4 мың гектарға ұлғаяды. Сондай-ақ суды көп қажет ететін мақта 16 мың гектарға және күріш 6,4 мың гектарға қысқаруы мүмкін.
Әсіресе Ақмола облысы бидайдың егіс алқаптары ең көп қысқаратын аймақ болады, мұнда егіс алқабы 251,3 мың гектарға азаяды.
Ал қант қызылшасын аумағын 13,3 мың га-ға ұлғайту жоспарланған.
Қант қызылшасын көбейтсек проблема азаяды - министрлік
Қант қызылшасын көптеп өндіргендегі мақсат қандай, өнім ысырап болмай ма? Sputnik Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігіне сауал жолдады. Жалпы Қазақстан бойынша қант қызылшасының егістік алқабы – 19,5 мың гектар: Алматы облысында – 0,1 мың га, Жетісу облысында – 11,5 мың га, Жамбыл облысында – 7,9 мың га.
"Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды міндет – қант өндірісін дамыту. Қант қызылшасы алаңдарын ұлғайтудағы мақсат – проблемасы көп шығындар мен өндірістің төмен рентабельділігі. Сондай-ақ ылғалмен қамтамасыз ету проблемалары. Жергілікті қант қызылшасынан қанттың ішкі қажеттілігінің 43% қамтамасыз ету үшін егіс алаңы 2026 жылға қарай оңтүстік өңірлерде 38 мың гектарға дейін ұлғаяды. Жалпы қант қызылшасының түсімін және отандық шикізаттан қант өндірісін 250 мың тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ ақ қант импортының үлесін 58%-дан 17%-ға дейін төмендету жоспарлануда", - дейді ведомство.
Ведомтсво шығынның болатыны немесе болмайтыны туралы нақты айтпады.
"Мемлекет қант қызылшасын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетеді: өңдеуге тапсырған кезде оларға тоннасына 25 мың теңгеден төленеді. Сондай-ақ 2023 жылғы 10 желтоқсаннан бастап қызылша өсірушілердің арнайы техниканы сатып алуы кезінде өтемақы нормативі 50%-ға дейін ұлғайтылды", - дейді ведомство.
Қант биыл қымбаттай ма деген сұраққа да министрлік нақты жауап бермеді. Олардың мәліметінше, қанттың саудадағы бағасын сауда және интеграция министрлігі реттейді. Десе де, қант қызылшасы алқаптарын кеңейтудегі мақсат – нарықтағы қант бағасын қымбаттатпау, дейді ауыл шаруашылығы министрлігі.