Жұманғарин Вьетнамға Қазақстанда электромобильдерге арналған батареялар шығаруды ұсынды

2023 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 85,4%-ке өскен
Sputnik
АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Вьетнамға ТХКБ қуатын пайдалануды және Қазақстанда электромобильдерге арналған батареялар шығаруды ұсынды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Жұманғарин Вьетнам өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиенмен кездесуінде Вьетнам Қазақстан үшін Азиядағы маңызды серіктестердің бірі екенін атап өтті.
"Біздің екіжақты қарым-қатынастарымыз жоғары деңгейде: тауар айналымы 85% -ға өсіп, шамамен $1 млрд-қа жетті. Елдеріміз арасында аптасына 13 әуе рейсі орындалады. Ұшу географиясын кеңейтуге дайынбыз", — деді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар вице-премьер вьетнамдық компанияларды Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктерін зерттеуге шақырды. Бұл вьетнамдық экспортқа теңіз бағыттарына қарағанда шығыстан батысқа қарай 3-4 есе жылдам жүруге мүмкіндік береді, бұл шығындарды айтарлықтай азайтады.
Серік Жұманғарин Вьетнам өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиенмен кездесу өткізді
"Біз ТХКБ Азия мен Еуропа арасындағы ең оңтайлы бағыт деп есептейміз. Сондай-ақ Ляньюньган теңіз портындағы Қазақстан-Қытай терминалының және Сиань құрғақ портының қуатын іске қосуды ұсынамыз", — деп толықтырды ол.
Кездесу барысында тараптар сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Вьетнам делегациясына электромобильдерге арналған литий-ион батареяларын өндіру үшін Қазақстандағы ірі литий кен орындарына назар аудару ұсынылды, бұл Қазақстанның жоғары технологиялық секторының өсуіне, ал вьетнамдық автоөндірушілерге өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын сақтауға мүмкіндік береді.
Серік Жұманғарин Вьетнам өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиенмен кездесу өткізді
Айта кетері, 2023 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда $979,2 млн құрады – өсім 85,4% ($528,3 млн). Экспорт $180,2 млн (+ 44,1%), импорт – $799 млн (+ 98%).