АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Жаңа Зеландия Ресейге қарсы санкциялар тізіміне 28 жеке және 14 заңды тұлғаны қосты, деп мәлімдеді елдің сыртқы істер министрі Уинстон Питерс. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
"Сыртқы істер министрі Уинстон Питерс бүгін 28 жеке тұлға мен 14 заңды тұлғаға қарсы қосымша санкциялар жариялады", - деп жазылған министрлік сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Жаңа санкциялар пакеті аясында Жаңа Зеландия КХДР мен Ираннан Ресейге қару-жарақ беруге қатысы бар деген жеке және заңды тұлғаларды нысанаға алып отыр. Жаңа Зеландия сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жаңа санкциялар "украин балаларды Ресейге мәжбүрлеп көшіруге ықпал ететіндерге де бағытталған".
Украинадағы қақтығысқа байланысты Жаңа Зеландия бұған дейін Батыс елдеріне қосылып, Ресейге қарсы санкциялар салды. Жаңа Зеландияның барлау қызметі Ресейге қарсы экономикалық санкциялар "оның жаңа технологияларының дамуына кедергі келтіріп, қажетті жабдықтарды алу үшін жасырын әдістерді қолдануды ынталандырды" деп санайды.
Ресей Федерациясы Батыстың Ресейге қарсы бірнеше жыл бұрын басталған санкциялық қысымына елдің төтеп беретінін бірнеше рет мәлімдеді. Владимир Путин бұған дейін Ресейді тежеу және әлсірету саясаты Батыстың ұзақ мерзімді стратегиясы саналады және санкциялар бүкіл әлемдік экономикаға ауыр соққы берді деп айтты.