Энергетика министрлігі тауарлық газдың шекті бағасын қайта қарайды

Министрлік ұсынылып отырған баға тұтынушыларға айтарлықтай әсер етпейтінін мәлімдеді
Sputnik
АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Энергетика министрлігі "Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы" бұйрыққа түзету жобасын дайындады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
"Қазақстандағы газдың көтерме бағасы бүкіл әлемдегі ең төмен бағалардың бірі және мың м3 үшін шамамен 20 640 теңгені құрайды. Мәселен, көршілес Ресей Федерациясында мың м3 газдың құны 35 000 теңге деңгейінде қалыптасқан", - делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, тауарлық газ бағасын тежеу Қазақстанның кейбір өңірлерінде (Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстары) өзіндік құнның бекітілген бағадан 150-200%-ға асып кетуіне, сондай-ақ отандық өндіріс әлеуетінің жыл сайын төмендеуіне әкелген.
Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдаланушылар газ саласының шығындылығына байланысты газ кен орындарын игеруге мүдделі емес. Осыған байланысты тауарлық газ өндіру ісі төмендеп жатыр.
"Бұл жағдай тауарлық газ тапшылығы қаупін төндіреді, жетіспеушілікті қымбат импорт есебінен толтыруға тура келеді", - деп атап өтті министрлік.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 1 шілдеден бастап көтерме бағаларды түзету мәселесі қаралуда.
Мәселен, бұйрық жобасына сәйкес ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасының өсуі өңірге байланысты м3 үшін 3 - 4,8 теңгені, республика бойынша м3 үшін орташа өсім 3 теңгені құрайды (қазір қолданыстағы орташа көтерме баға – 20,64 теңге/м3 болса, 23,64 теңге/м3 болады).
Бұл шара ішкі нарықты тұрақты және үздіксіз газбен жабдықтауға, газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Министрлік ұсынылып отырған баға тұтынушыларға айтарлықтай әсер етпейтінін мәлімдеді – жылына орта есеппен жеке үй үшін шығыс көлемі айына 1 080 теңгеге өссе, пәтерлерге айына 130 теңгеге артады.