АСТАНА, 14 мамыр – Sputnik. 2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизоны Әскери сотының үкімімен Нұрасыл Болат ерлі-зайыпты Олег Чернов пен Анна Чернованың денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін сотталған болатын.
Оған Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі 1), 5) тармақтары бойынша айып тағылды.
Сот үкімімен 500 АЕК (1 725 000 теңге) көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалған. Сондай-ақ, жәбірленушілердің пайдасына әрқайсысы 500 мың теңге моральдық шығын және өкілдің қызметіне өтемақы төлеуге кеткен 1 600 000 теңге өндірілді.
"Апелляциялық саты сот үкімін өзгертіп, Н.Болаттан жәбірленушілердің пайдасына апелляциялық сатыдағы сотқа қатысу үшін өкілдің қызметіне 400 000 теңге көлемінде шығын өндірілді. Кассациялық сот отырысы жәбірленушілердің өтінішхаты бойынша өтті, олар сот актілерін өзгертіп, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады", - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілерін өзгертіп, Н.Болатқа 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, сондай-ақ, әрқайсысына 1 миллион теңгеге дейін моральдық залалдың өтемақы мөлшері өсті.