Оқушы мұғалімге пышақ кезеді: Павлодарда қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңес өтеді

Sputnik
АСТАНА, 14 мамыр – Sputnik. Бүгін Павлодарда мектептегі қауіпсіздік мәселелеріне арналған үлкен жиын өтеді. Бұл туралы күні кеше қала әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.
"Қала әкімі ретінде ғана емес, екі оқушының әкесі ретінде де №14 орта мектепте болған оқиғаға үн қатпай тұра алмадым", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, ол "оқиға болған жерде болып, әкімшілікпен және мұғалімдермен сөйлескен".
Сонымен қатар, қала басшысы зардап шеккен балаға барып, оның тезірек сауығып кетуін тілеп, қандай көмек қажет екенін біліп қайтты.
Кеңес әкімдікте өтеді, деп еске салды Хабылбеков.
"Біз болған оқиғаның қайталануын болдырмауға мүмкіндік беретін шаралар кешенін келісіп, тез арада жүзеге асырамыз деп үміттенемін", - деп жазды парақшасында қала басшысы.
Павлодарлық ата-аналар білім беру ұйымдарының қабырғасында балаларының өмірі мен денсаулығына ешнәрсе қауіп төндірмейтініне сенімді болуы керек, деп мәлімдеді ол.
Қала басшысының жазбасының астындағы пікір қалдырған павлодарлықтар осы жағдайды, оның ішінде оқиғаға не себеп болғанын, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы мамандандырылған күзет қызметінің сапасын, инспекторлар, мұғалімдер, психологтар мен мамандардың жұмысына назар аударуды сұрайды.
"Мұғалім мен директордың оқушының сөмкесін қарауға құқығы жоқ, психологтың ата-ананың рұқсатынсыз әңгімелесуге, тест алуға немесе сауалнама жүргізуге құқығы жоқ, бәрінің қолы байлаулы, әркім білгенін істеп жатыр", - деп жазды пікір қалдырған оқырманның бірі.
Сонымен қатар, "Қандай мамандандырылған күзет???", "Күзетте зейнетке шыққан кісілер отыр", "Мектептерге камералар қойды, бірақ олар тіпті қосылмаған" деген де пікірлер жазылған.
Еске салсақ, бір күн бұрын Павлодарда жоғары сынып оқушысы мұғалімі мен сыныптасына пышақпен тап беріп, мұғалім мен оқушының жарақат алды, олар ауруханаға жатқызылып, кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Анықталғандай, №14 мектептің 9-сынып оқушылары арасында кикілжің басталып, математика пәнінің мұғалімі оларға араша түспек болған.