АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Балаларды қауіпті ауруларға қарсы иммундауға 5,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде уақытында екпе салынбай қалған 18 жасқа дейінгі балаларды иммундауға үкімет резервінен 5 832 377 600 (бес миллиард сегіз жүз отыз екі миллион үш жүз жетпіс жеті мың алты жүз) теңге бөлінеді.
Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген талдау нәтижесінде Қазақстанда екпе алмаған 800 мыңнан астам бала анықталды.
"Көкжөтел, дифтерия, А және В вирусты гепатиттері, қызылша, қызамық, сіреспе, полиомиелит, паротит және гемофильді инфекция сияқты қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы толықтыра иммундау жүргізіледі", - делінген хабарламада.
Қаражат облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктеріне 747 720 доза вакцина мен 542 592 бірлік шприц сатып алуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде аударылады. Ал Шығыс Қазақстан облысында балаларды қолда бар препараттар көлемі есебінен толықтыра вакциналау жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Соңғы 2 айда сырқаттанушылық деңгейі 32%-ға төмендеді. Қосымша жаппай иммундау аясында шамамен 1,3 млн адам екпе алды, бұл вакцина алуға тиіс халықтың 91%-ын құрайды.