Қазақстан суару маусымында "Достық" арнасы арқылы 922 миллион текше метр су алады

Су ресурстары министрлерінің отырысында "Орталық Азия елдері арасындағы су-энергетикалық ынтымақтастық механизмін құру туралы" келісім жобасын әзірлеу мәселесі талқыланды
Sputnik
АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Суару маусымында Қазақстан мемлекетаралық "Достық" арнасы арқылы 922 миллион текше метр су алады.
Бұл туралы Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі су мәселелері жөніндегі мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСҮК) 86-шы отырысында келісім жасады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
"Қазіргі басты міндетіміз – тасқын суды жинау", - деді су министрі.
Су шаруашылығы мамандары оны Каспий теңізі, Балқаш, Қамысты-Самар көлдеріне, Ұлытау өңірінен Қызылорда облысының көлдеріне жібереді, деп мәлімдеді ол.
"Бірақ бұл ретте оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету маңызды", - деді министр Нұржан Нұржігітов.
Су министрлігі Түркістан облысындағы Шардара су қоймасында 4,8 миллиард текше метр су жиналғанын хабарлады. Қазақстанның оңтүстігіндегі егістіктерді суару үшін су алатын Тоқтағұл су қоймасында (Қырғызстан) 8 миллиард текше метр су жиналды.
"Отырыста осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін Нарын-Сырдария су қоймалары каскадын пайдаланудың болжамды кестесі бекітілді", - делінген хабарламада.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан жыл басынан бері төрағалық етіп отырған Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмыстарын да талқылады.
Сонымен қатар кездесуде "Орталық Азия елдері арасындағы су-энергетикалық ынтымақтастық механизмін құру туралы" келісім жобасын әзірлеу мәселелері талқыланды.
МСҮК келесі отырысы осы жылдың қыркүйек айында Түрікменстанда өтеді.
Комиссия құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіреді.