"Наурыз" ипотекасы: Отбасы банк баспана таңдау тәртібін түсіндірді

Іріктеуден өткен және төлем қабілеттілігін растаған кісілер қаланы аралап, уақыт жоғалтпайды
Sputnik
АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Отбасы банк "Наурыз" ипотекалық бағдарламасы аясында баспана таңдау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық филиал директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, ипотекаға рәсімделетін пәтерлерді Баспана маркет порталынан таңдау керек. Сол жерде баспананы брондау қызметі де бар.
"Іріктеуден өткен және төлем қабілеттілігін растаған кісілер қаланы аралап, уақыт жоғалтпайды. Баспана маркетте тізімге енген барлық құрылыс нысандары бар. Сол жерден таңдауға болады", - деді Матай орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жаңадан сатып алынған үйді жөндеуге де ақша алуға болады. Бірақ оның көлемі ипотеканың 20 процентінен аспауы шарт.
"Наурыз" бағдарламасы аясында тұрғын үйді алғашқы нарықтан, сондай-ақ моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде екінші нарықтан сатып алуға болады. Заемның ең жоғарғы мөлшері: Алматы мен Астана қалалары үшін - 36 млн теңгеге дейін, қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.
Бағдарлама шарты:
алғашқы жарна - 20%;
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін несие бойынша мөлшерлеме - 7%;
азаматтардың барлық санаты үшін несие бойынша мөлшерлеме - 9%;
несие мерзімі - 19 жылға дейін.
"Наурыз" тұрғын үй бағдарламасы: 17 мыңнан астам өтінім берілді