АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Ресейдің Белгород қаласында құтқарушылар қираған тұрғын үйдің астынан тағы бір адамның мәйітін шығарды, қаза болғандардың саны 15-ке жетті, деп хабарлады РФ ТЖМ баспасөз қызметі.
"Белгородта үйінді астында қалған он бесінші тұрғынның денесі шығарылды", - делінген хабарламада.
Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, 17 адам құтқарылды, деп хабарлады елдің Төтенше жағдайлар министрлігі.
Жексенбі күні Белгород губернаторы Вячеслав Гладков Украина қарулы күштері Белгородты жаппай атқылағанын, соның салдарынан он қабатты ғимараттың бір кіреберісі опырылып құлағанын хабарлады.
Ресейдің Тергеу комитеті лаңкестік әрекет бойынша қылмыстық іс қозғағаны хабарланды.